«Жәбірленуші болып қаламын»: жұбайының қазасынан кейін 8 ай өткен соң үйленген Әділет Зейнел істі соңына дейін жеткізетінін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол марқұм жұбайының рухы үшін осылай жасайтынын жеткізді

Фото: видеодан скриншот

Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел қазадан 8 ай өткен соң үйленіп кеткені жайлы ақпарат тараған соң, өз тарапынан мән-жайды түсіндіру үшін сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен жәбірленуші болып қаламын. Осының барлығын мен бастаған соң аяқтағым келеді. Барлық жерге өзім бардым. Қазақта бастаған ісіңді аяқта деп айтады. Ертең оны қалдырып кетсем де, хейттің екінші толқыны басталады. Бірақ мен адамдардың сөзі емес, Ұлдананың естелігі үшін аяқтауым керек», - деді ол.

Әділет Зейнелдің айтуынша, ақпан айынан бастап Ұлдананың отбасымен сөйлеспеген.

«Наурыздан бастап ол тараппен даулы қарым-қатынас басталды. Сәуір айының аяғына дейін Ұлдананың анасы көлік жайлы «алғашқы жарнасына өзің көмектестің, өзің айда» деп айтты. Сол айдан бастап Ұлдананың әкесі мен ағасы көлікті қайтарып беру бойынша қоңырау шала бастады. Кейн жәбірленуш мәртебесінен де бас тартуымды сұрады», - деді ол.

Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл көңіл жарастырып жүрген еді.

8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Астанадағы медициналық колледждің дәрісханаларының біріне Ұлдана Мырзуанның есімін беру туралы шешім қабылданды.

2026 жылдың ақпанында Әділет Зейнел әлі де марқұм жарын жоқтап, әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялады: түсінде онымен кездескенін сипаттады.