Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар балаларды арбау үшін мобильді ойындарды, әлеуметтік желілерді, мессенджерлер мен бейнеплатформаларды пайдаланады
Жазғы демалыс кезінде интернет-алаяқтар балаларды нысанаға алатын түрлі айла-тәсілдерді жиі қолданады. Олар осылайша ата-аналардың жеке деректері мен ақшасына қол жеткізуге тырысады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар балаларды арбау үшін мобильді ойындарды, әлеуметтік желілерді, мессенджерлер мен бейнеплатформаларды пайдаланады. Олар тегін бонустар, ойын ішіндегі сирек заттар, сыйлықтар, түрлі байқаулар немесе оңай табыс табу мүмкіндігін ұсынып, сенімге кіруге әрекет етеді. Негізгі мақсат – банк карталарының деректерін, аккаунттарды немесе құрылғыны бақылауға алу.
Агенттік балаларға бағытталған кең таралған алаяқтық схемаларды да атады. Солардың бірі – жалған ұтыс ойындары. Мұндай жағдайда балаға «сыйлық ұтып алдың» деген хабарлама келіп, оны алу үшін сілтемеге өтуді немесе банк картасының мәліметтерін енгізуді сұрайды. Сондай-ақ алаяқтар достарының, туыстарының немесе танымал блогерлердің атын жамылып, ақша аударуды, SMS арқылы келген кодтарды айтуды немесе басқа да әрекеттерді орындауды талап етуі мүмкін.
Тағы бір кең таралған тәсіл – зиянды ойындар мен қосымшалар. Балаларға ақылы ойынның тегін нұсқасы, жарнамасыз немесе қосымша мүмкіндіктері бар қосымшалар ұсынылады. Алайда мұндай бағдарламалардың құрамында құрылғыға зиянды бағдарлама орнататын код болуы мүмкін. Соның салдарынан алаяқтар телефондағы құпия ақпаратқа қол жеткізеді.
Бұдан бөлек, қаскөйлер ойын платформалары, интернет-дүкендер немесе түрлі сервистердің атын пайдаланып, жалған сайттар жасайды. Мұндай ресурстар пайдаланушылардың жеке деректері мен банк карталарының реквизиттерін жинауға арналған. ҚНРДА кейбір қосымшалардың геолокацияға, байланыс нөмірлеріне, фотосуреттерге және құрылғыдағы басқа да ақпаратқа қол жеткізуге рұқсат сұрайтынын ескертті. Мұндай мәліметтер кейін отбасы туралы толық ақпарат жинап, жаңа алаяқтық әрекеттерді ұйымдастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
«Әсіресе баланың смартфоны ата-анасының банк қосымшаларымен немесе төлем сервистерімен байланыстырылған жағдайда қауіп жоғары. Егер құрылғыға зиянды бағдарлама орнатылса, алаяқтар қаржылық ақпаратқа және ақшаға қол жеткізуі мүмкін», – деп ескертті агенттік.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарға балаларымен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін жиі талқылау, бөгде адамдарға жеке деректерді, құпиясөздер мен растау кодтарын беруге болмайтынын түсіндіру ұсынылады. Сондай-ақ қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеп, антивирустық бағдарламаларды пайдалану, бағдарламалық жасақтаманы уақытылы жаңарту, ата-ана бақылауы функциясын қосу және қосымшалардың құрылғыдағы деректерге қолжетімділігін бақылау қажет.
Агенттік балалардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттырудың да маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар әр бала күмәнді хабарлама, қоңырау немесе интернеттегі күдікті ұсынысқа тап болған жағдайда бұл туралы бірден ата-анасына хабарлауы тиіс.