Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Астана тұрғындары қалалық жағалаудағы «Тұлпар» көпірі маңындағы Есіл өзенінің ластануы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тиісті өтініш ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне zhaloby__astana парақшасы арқылы жарияланған.
«Есіл өзенінің «Тұлпар» көпірі маңында ластануы мүмкін деген дерек бойынша тексеру жүргізуді сұраймын. Су бетінде қалың ашық жасыл түсті қабат байқалады. Бұл балдырлардың жаппай көбеюі немесе су айдынының ластануы салдарынан болуы мүмкін. Осы құбылыстың себебін анықтап, су сапасына қажетті зерттеулер жүргізіп, экологиялық заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды сұраймын», – делінген өтініште.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша өзеннің жекелеген бөліктерінде судың маусымдық гүлденуі байқалған.
«Су айдынының кейбір учаскелерінде ауа температурасының жоғары болуы, ағыс жылдамдығының азаюы және қолайлы гидрометеорологиялық жағдайларға байланысты фитопланктонның (цианобактериялардың) қарқынды дамуы нәтижесінде судың маусымдық гүлденуі орын алып отыр. Мұндай құбылыс жаз мезгіліне тән», – деп хабарлады әкімдік.
Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша Экология департаментімен бірлесіп, аталған аумақта тексеру жүргізіліп, зертханалық сараптама үшін су сынамалары алынған. Зерттеу нәтижелері шыққаннан кейін мамандар су сапасына объективті баға беріп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды.
«Су бетіндегі балдырларды тазарту және суды аэрациялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар судың гүлдену қарқындылығын төмендету және су айдынының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында хлорелла суспензиясын пайдалану арқылы биологиялық тазарту әдісін қолдану жоспарланып отыр», – деп толықтырды басқарма.