Жол, зейнетақы және су тапшылығы: «Әділет» өкілдерімен кездесуде үш өңір тұрғындары қандай мәселелерді көтерді?

Автор: Azattyq Rýhy

Батыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарында өткен кездесулерде тұрғындар жол сапасы, әлеуметтік мәселелер, жастардың белсенділігі мен ауыл шаруашылығындағы өзекті проблемаларды талқылады

Фото: партияның баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарында «Әділет» партиясы өкілдерінің тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулері өтті. Кездесулер барысында өңірлердегі өзекті әлеуметтік және ауыл шаруашылығы мәселелері көтерілді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Батыс Қазақстан облысы: тұрғындар жол мен зейнетақы мәселесін көтерді

Орал қаласының Зашаған шағынауданында өткен кездесуде тұрғындар қалаішілік жолдардың сапасы, Орал–Атырау автожолының жай-күйі, зейнетақы мөлшерін арттыру және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. 

Өңірлік штабтың мәліметінше, электоралдық кезең басталғалы бері 88 тұрғыннан 114 өтініш-ұсыныс түскен. Көтерілген мәселелер жүйеленіп, алдағы жұмыста ескерілетіні айтылды. 

Осы акция аясында сайлауалды науқан басталғалы бері Қазақстан бойынша 900 мыңға жуық азамат қамтылды.

Ұлытау облысы: қоғамдық көлікте жолаушылар пікір білдірді

Жезқазған қаласында Құрылтай депутаттығына үміткерлер Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жүкебаев қоғамдық көлікте жолаушылармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесу барысында тұрғындар жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына қатысты пікірлерін білдірді.

«Құрылтайға жастардың көптеп ұсынылуы – қоғамның жаңаруының, жаңа көзқарастың қалыптасуының көрінісі деп білемін. Сіздерге сәттілік тілеймін!» – деді жолаушы Асхат Әбенов.

Абай облысы: шаруалар су тапшылығы мәселесін айтты

Ақсуат ауданындағы «Көкжыра» өндірістік кооперативінде өткен кездесуде ауыл шаруашылығы мен ауыл инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.

Кооператив агрономы Сайлау Құрмашев биылғы құрғақшылық салдарынан өзендердегі су деңгейі төмендеп, шабындықтарға су жетпегенін және бұл шаруашылық жұмыстарына қиындық туғызғанын айтты.

«Ауылдың дамуы ең алдымен еңбек етіп жүрген адамдардың жағдайына байланысты. Сондықтан тұрғындардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері біз үшін маңызды. Айтылған әрбір пікір нақты шешім қабылдауға және ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етуі керек», – деді Ақсуат аудандық штаб мүшесі Тілеуқабыл Көнекбаев.