2027 жылғы 22 сәуірде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, бұл ауқымды жиынға ұйымға мүше барлық 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері, УЕФА президенті, Атқарушы комитет мүшелері, сондай-ақ ФИФА, еуропалық лигалар, клубтық бірлестіктер мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдағы Конгрестің ең басты ерекшелігі оның сайлау мәртебесінде. Атап айтқанда, елорда төрінде УЕФА президенті мен ұйымның атқарушы комитеті мүшелері сайланады.
Шығындарды УЕФА өз мойнына алады. Қазақстанға мұндай тарихи шараны өткізу құқығының берілуі халықаралық ұйым тарапынан білдірілген жоғары сенім мен елдің ірі спорттық оқиғаларды ұйымдастыру әлеуетін мойындауы.
Бұл жиын – Қазақстанда футболды дамыту бағытында жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың заңды жалғасы.
Елде инфрақұрылым жаңартылып, балалар мен жасөспірімдер футболы қарқынды дамуда. Кәсіпқой клубтарды коммерцияландырудың бірінші кезеңінде 11 клуб жеке инвестиция тартып, жаңа басқару моделіне көшті. Тартылған инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асты.
Екінші кезең аясында тағы 8 кәсіпқой клубты коммерцияландыру жоспарланып отыр.
Бұл реформалар клубтардың қаржылық тұрақтылығын арттырып, отандық футболдың дамуына жаңа серпін берді. Бүгінде Қазақстан Еуропаның футбол картасында халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырушы әрі футболды тұрақты дамытушы ел ретінде орнын бекітіп келеді.