Жастар саясаттың сыртында қалмауы керек
Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысындағы жұмысын «Кентау трансформатор зауыты» АҚ еңбек ұжымымен кездесумен жалғастырды. Кандидаттар кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысып, жұмысшылармен ашық форматта пікір алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров өндірістен шыққан азаматтардың саясаттағы рөліне тоқталды. Ол Кентау трансформатор зауытына екінші рет келіп отырғанын айтып, елдің дамуы үшін нақты өндірісте шыңдалған, халықтың тұрмысын жақсы білетін азаматтардың саясатқа келуі аса маңызды екенін атап өтті.
«Өндірістің мәселесін өндірісті көрген адам ғана түсінеді. Халықтың мұңын халықтың ортасында жүрген азамат қана жеткізе алады. Сондықтан Respublica құрамында кәсіпкер де, өндірісші де, еңбек адамын жақсы білетін азаматтар көп», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Құрылтай депутаттығына кандидат Айдана Тоғызбаева өндіріс саласы өзіне жақсы таныс екенін айтты. Оның айтуынша, өндірістегі әрбір жұмыс орны – тұтас бір отбасының әл-ауқаты, сондықтан мұндай кәсіпорындарды қолдау партияның басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Еркебұлан Ахметов партияның жаңартылған сайлауалды бағдарламасын таныстырып, Мәжілістегі үш жылдық жұмыстың негізгі нәтижелеріне тоқталды. Ол Respublica бастамасымен вейптерге толық тыйым салынғанын, Салық кодексіне кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын өзгерістер енгізілгенін, инклюзия, мектептегі тамақтану және еңбек адамын қолдау бағытында маңызды заңнамалық бастамалар жүзеге асқанын атап өтті.
Кездесу соңында зауыт қызметкерлері өз ұсыныстары мен сауалдарын ортаға салып, өндірісті дамыту, еңбек жағдайын жақсарту және отандық өнеркәсіпті қолдау мәселелері талқыланды.