Қазақтың ұлы ойшылын ұлықтау шаралары шамамен екі аптаға созылады
10 тамыз – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай елордада кең ауқымды мәдени-ағартушылық бағдарлама ұйымдастырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мерекелік іс-шаралар әдеби-сазды кештерді, форумдарды, кітап көрмелерін, театр қойылымдарын, шығармашылық байқауларды, зияткерлік ойындарды және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған өзге де жобаларды қамтиды. Шаралардың негізгі мақсаты – Абайдың әдеби, музыкалық және рухани мұрасын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Сағат 10:00-де Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Іс-шара барысында «Абайтану» ғылыми-ағартушылық орталығының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы ақын мұрасының рухани маңызы туралы айтып, оның шығармашылығына қатысты тың деректермен бөліседі. Сондай-ақ мектеп ұстаздары мен оқушылары Абай әндерін орындап, өлеңдері мен қара сөздерін оқиды.
Осы уақытта Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебінде «Көңілім әнді ұғады» атты шығармашылық алаң жұмысын бастайды. Мұнда жас өнерпаздарға Абайдың мәдени мұрасы мен әндерінің ұлттық өнердегі орны таныстырылады.
Сол күні сағат 10:00-де «Арқа Alan» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында тоғызқұмалақтан қалалық «Арқа Alan кубогы» өтеді.
Ал сағат 12:00-де №6 көпшілік кітапханада «Абайдың жұмбақ жырлары» атты поэзия сағаты ұйымдастырылады.
«Руханият» орталығының Рақымжан Қошқарбаев даңғылы, 50 мекенжайындағы бөлімшесінде «Абай әлемі» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Онда ақынның қара сөздері мен өсиеттерін насихаттау мәселесі талқыланады.
Сол күні Шәймерден Қосшығұлұлы көшесі, 8/1 мекенжайындағы «Руханият» орталығында «Ұрпаққа өнеге» тақырыбымен Абай өлеңдерін талдау сабағы ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-де №10 көпшілік кітапханада «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты мәнерлеп оқу кеші өтеді.
Ал сағат 12:00-де №3 көпшілік кітапханасында «Ұлы Абайдың әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі ашылады. Осы уақытта №3 балалар кітапханасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты поэзия сағаты ұйымдастырылады.
Елордалық Арбатта «Әнді сүйсең, менше сүй» атты қазақша караоке жобасы өтеді. 7 тамызда бағдарлама сағат 20:00-де басталса, 8 және 9 тамыз күндері 19:00-де өтеді. Кеш барысында Абайдың әндері шырқалады.
Сағат 12:00-де №6 балалар кітапханасында «Абай әлеміне саяхат» атты мәнерлеп оқу шарасы ұйымдастырылады.
Кешкі сағат 18:00-де «Жетісу» саябағында Абай күніне арналған зияткерлік-танымдық акция өтеді. Қатысушылар викторинаға қатысып, қазақтың мақал-мәтелдері бойынша білімдерін сынай алады.
Сағат 09:00-де Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Сағат 10:30-да Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» атты жас жазушылардың республикалық форумы ұйымдастырылады. Форумға аға буын қаламгерлер, әдебиеттанушылар, сыншылар және Астана, Алматы, Ұлытау мен Қарағанды облыстарынан келген жас ақын-жазушылар қатысады.
Сағат 11:00-де №5 балалар кітапханасында «Қара сөзден ой түйген дана Абай» атты әдеби кеш өтеді.
Ал сағат 17:00-де қалалық әкімдік алдындағы амфитеатрда «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында ашық микрофон, ұлттық ойындар бойынша сайыстар өткізіліп, Абайдың өлеңдері мен әндері дәстүрлі әрі заманауи үлгіде орындалады.
«Руханият» орталығында «Абай лирикасындағы табиғат» тақырыбында ашық сабақ өтеді. Сабақ барысында тыңдаушылар ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» өлеңдері негізінде сөздік қорын байытады.
Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында «Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы және рухани әлемі» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылады.
Жыл соңына дейін
Елорда тұрғындары мен қонақтарына Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше театр қойылымы ұсынылады. «Қанаттылар» инклюзивті театрында «Abai-La» драмасы, Жас көрерменнің музыкалық театрында «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасы, ал Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында «Жас Абай» және «45» спектакльдері сахналанады.