Жеке мәліметтерді пайдаланып, 2 млрд теңге несие рәсімдеген: Ақмола облысында қылмыстық топ сотталып тынды

Автор: Асыл Арман

Олар 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, шамамен 2 млрд теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 мүшесіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, алдау жолымен екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан заңсыз несие рәсімдегені анықталды. Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан келтірілген жалпы материалдық залал шамамен 2 млрд теңгені құрады.

«Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 5 тамыздағы үкімімен барлық 21 сотталушы кінәлі деп танылып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның ішінде Алматы қаласында орналасқан пәтерлер, сондай-ақ Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry маркалы автокөліктер және өзге де қымбат бағалы көлік құралдары бар.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.