Ол өзін қаралағандарды жауапқа тартатынын айтты
33 жыл бойы Рахат Сәрсеновке малын бақтырып, кейін оны «малымды ұрлады» деп сотқа берген кәсіпкер Тәжіғали Елеуов алғаш рет бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кешеден бері желіде тарап жатқан дау-дамайдан кейін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Рахатты мал шаруашылығын бастаған кезде бақташы етіп жұмысқа алған едім. Біз бірге біршама жыл еңбек еттік. Жұмыс барысында оның араққа салынғанына да, 5-6 бас жылқының жоғалып кеткеніне де көз жұма қарап, кешіріммен қарадым. Алайда соңғы жағдайда ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, менің аса үлкен көлемдегі малымды сатып жіберген. Қазір ол топтың мүшелері заң алдында жауап беріп, түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ал Рахаттың өзі де мал сатумен айналысқан болса да, серіктестері оның атын атамай, жауапкершіліктен құтқарып қалған еді», - дейді Елеуов.
Кәсіпкердің айтуынша, оның өз мүлкін ұрыдан қайтаруды талап етуі толығымен заңды.
«Оған соттың заңды күшіне енген үкімі дәлел. Сот шешімімен Рахат Сәрсенов қылмыскер деп танылды. Алайда қазір басты қылмысты жасыру үшін «Сәрсенов толық ақталып шықты» деп халықты адастырып, оны зардап шеккен «халық қаһарманы» етіп көрсетуге тырысып жатыр. Мен жастайымнан қара жұмысқа араласып, адал еңбекпен өскен адаммын, шаруадан қорықпаймын. Менде блогерлер сияқты сөз таластыратын мүмкіндік пен шеберлік жоқ. Соны пайдаланып, олар мені жұртқа жаман көрсеткісі келеді. Менің мақсатым ақталу емес. Ескертерім: Instagram арқылы арзан абырой мен табыс тауып жүргендерге еріп, мені қаралап жатқандардың үстінен заңгерлерім заң жүзінде шара қолданады», - деді ол.
Кәсіпкер жағдайдың анық-қанығын білмей, сөз тигізіп жатқан бейтаныс адамдарға өкпесі жоқ екенін жеткізді.
«Бірақ өмір бойы менің малымды тегін жеп, 40 жас мерейтойын жасап, 4 баласын үйлендіріп, түрмеден құтқарған менің жақсылығымды білмеген адамға не айтасың», - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, осыған дейін Рахат Сәрсеновтің оқиғасы әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған еді. 33 жыл бойы кәсіпкердің малын баққан азаматты сот ақтап шыққан болатын. Оған кәсіпкер пәтер сыйлап, желіде Қазақстанға танымал тұлғалардың біріне айналған еді.