Аммиак пен нитриттің мөлшері жоғары болған: «Қарағанды Су» 10 млн теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттелді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Өткен жылы да кәсіпорында аммоний азотының мөлшеріне қатысты осындай заңбұзушылық тіркелген

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

«Қарағанды Су» ЖШС экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 9 млн 872 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоспардан тыс тексеру барысында мамандар кәсіпорынның аэрация станциясынан тазартылған ағын сулардағы ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кеткенін анықтаған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде ағын сулар құрамында аммиак пен нитриттердің мөлшері жоғары екені белгілі болды.

Экология департаментінің мәліметінше, өткен жылы да кәсіпорында аммоний азотының мөлшеріне қатысты осындай заңбұзушылық тіркелген. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар компанияға 9 млн 872 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.