Apple порнографиялық контент үшін Telegram-ды App Store-дан өшірді
Содан кейін Дуровтың командасы олқылықтарды жойған
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Apple компаниясы платформада балаларды сексуалдық пайдалануға (эксплуатациялауға) қатысты контент ережелерін бұзатын материалдар анықталғаннан кейін App Store дүкенінде Telegram мессенджеріне қолжетімділікті уақытша шектеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл бірнеше елдің пайдаланушыларына әсер етті, қолданба іздеу жүйесінен уақытша жоғалып, АҚШ, Үндістан, Аустралия және Сингапур елдерінде көшірілмей қалған.
Telegram өкілдері Apple мессенджер тобына тыйым салынған контент таратылған нақты аккаунт туралы ескерткенін хабарлады. Бұдан кейін сервис әкімшілігі ереже бұзушыны бұғаттап, тиісті материалдарды жойды. Анықталған заңбұзушылықтар жойылғаннан кейін App Store-дағы Telegram-ға қолжетімділік толығымен қалпына келтірілді.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Францияда Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа платформаның қызметіне қатысты, оның ішінде балаларға қатысты сексуалды сипаттағы материалдарды тарату және басқа да заңбұзушылықтар бойынша айып тағылған болатын. Бастапқыда оған ел аумағынан шығуға тыйым салынғанымен, кейін бұл шектеулер алынды.