«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесулерін жалғастырды
Оралда өткен кездесулерде «Әділет» партиясының кандидаттары тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және жастармен энергетика, тұрғын үй, өңірлерді дамыту мен жұмыспен қамту мәселелерін талқылады
«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы еліміздің өңірлеріндегі жұмысын жалғастыруда. Батыс Қазақстан облысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, шығармашылық зиялы қауыммен және жастармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұмыс сапары Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында жұртшылықпен кездесуден басталды. Тұрғындар энергетиканы дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық аумақтарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтерді.
Энергетика саласының маманы Аслан Сағынғали партияның электр энергетикасын дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ұсыныстары туралы сұрады. Сұраққа жауап берген Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Ренат Бектұров сайлауалды бағдарламада энергетикалық және коммуналдық желілерді ауқымды жаңарту, сондай-ақ өңірлердің энергетикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру көзделгенін атап өтті.

«Біз жекелеген жөндеу жұмыстарынан коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға көшуді ұсынамыз. Партияның сайлауалды бағдарламасында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қарастырылған. 2030 жылға дейін 86 мың шақырым инженерлік желіні салу және жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл коммуналдық қызметтердің сенімділігін едәуір арттыруға, апаттар санын азайтуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді кандидат.
Одан кейін кандидаттар Орал трансформатор зауыты мен «QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясының филиалында болды. Еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірістерді жаңғырту, инженерлік желілердің сенімділігін арттыру және қазақстандық өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды.
Кәсіпорын қызметкерлері тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аударды. «QAZAQGAZ AIMAQ» филиалының қызметкері Гүлжайна Өмірғали жас мамандар мен отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі мәселесін көтерді. Бұған жауап ретінде партия өкілдері бағдарламада «жалға алу арқылы сатып алу» тетіктерін кеңейту, тұрғын үй бағдарламаларын жетілдіру және жас отбасыларды қолдаудың қосымша шаралары, соның ішінде жұмыс берушілердің қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуге қатысуы қарастырылғанын айтты.
Жұмыс күнінің келесі бөлігі «Атамекен» өнер сарайында мәдениет және креативті индустрия өкілдерімен кездесумен жалғасты. Қатысушылар шығармашылық мамандықтарды дамыту, мәдениет саласындағы заңнаманы жетілдіру және креативті экономиканы мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылады.
Сапардың соңғы нүктесі «Жайық Арена» спорт кешені болды. Мұнда елдің даму бағыттары жөніндегі нақты көзқарастарын жастармен бөліскен сайлауалды штаб мүшелері – Ренат Бектұров, Юлия Кучинская, Айдос Сарым, Гүлісхан Нахбаева және басқа да кандидаттар сөз сөйледі.

Кейін өткен пікір алмасу мен сұрақ-жауап сессиясында спикерлер «Әділет» партиясының бағдарламасында көзделген жастарды қолдаудың нақты тетіктері туралы айтты. Атап айтқанда, жастардың қоғамдық жобаларға (волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамалар) қатысу үлесін 32 пайызға дейін жеткізу мақсатында волонтерлік бастамаларды гранттық қаржыландыруды кеңейту, жұмыс істейтін жастарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламаларды іске қосу, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және «Дипломмен – ауылға» жобасын қолдау шаралары қарастырылған.

Жұмыс күнін қорытындылаған Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Юлия Кучинская дәл осындай өңірлік кездесулер тұрғындардың нақты сұраныстарын көріп, оларды партия бағдарламасын іске асыру барысында ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз Мемлекет басшысының қуатты өңірлерді дамытуға бағытталған саясатын толық қолдаймыз. Себебі халықтың өмір сапасы ең алдымен өңірлерде қалыптасады. Сондықтан тұрғындармен кездесулерде айтылған әрбір ұсыныс біздің алдағы жұмысымызға бағыт-бағдар болады», - деді Юлия Кучинская.
Бұған дейін партия төрағасының жетекшілігімен Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесулер өткізген болатын. Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапарлары жалғасып жатыр.