Сауда желілері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі тиіс – Бектенов

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол отандық өнімді ілгерілету жайлы айтты

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесін көтерді. Үкімет басшысы сауда желілерінің қазақстандық өнімге қатысты ұстанымын қайта қарап, отандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министрдің айтуынша, халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер жоғары жалдау ақысы мен әртүрлі кедергілерге байланысты сөрелерге шыға алмай келеді. Бұл ішкі нарықтағы қазақстандық өнім үлесін азайтып, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

«Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осыған орай, сауда және интеграция министрлігіне, әкімдіктерге және «Атамекен» КӘП-ке жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химияны қоса алғанда, отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың тиімді шарттарын ұсыну тетіктерін әзірлеу тапсырылды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы соңғы уақытта отандық азық-түлік және кондитерлік өнімдерге қарсы әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар жиілеп кеткенін айтты. Оның басты мақсаты - қазақстандық өндірушілерді нарықтан ығыстыру.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, “Қазақстанда жасалған” ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін», - деді премьер-министр.