Құны 31 млн теңгелік титан ұрлығы: күдікті он жылдан кейін Алматыдан табылды

ШҚО полициясы титан құймасын ұрлауға қатысқан соңғы күдіктіні ұстады

Құны 31 млн теңгелік титан ұрлығы: күдікті он жылдан кейін Алматыдан табылды
Фото: Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері 2015 жылы құны 31 миллион теңгеден асатын титан құймасын ұрлау ісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген соңғы күдіктіні ұстады. Он жыл бойы бой тасалап жүрген 63 жастағы ер адам Алматы қаласынан ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ШҚО ПД мәліметінше, қызметтік жағдайын пайдаланған қаскүнемдер күзет қызметкерлерімен сөз байласып, көп тонналық жүкті кәсіпорын аумағынан бақылау-өткізу пункті арқылы шығарған. Ұрланған мүлікті жасыру үшін құйманы автокөлік кузовына салып, үстін матамен жауып, оның сыртына технологиялық және тұрмыстық қоқыс үйіп тастаған. Кейіннен металл басқа біреулерге сатылып кеткен.

Сол кезде тергеу барысында полиция қылмыстық схемаға қатысқан барлық адамды анықтаған болатын. Ұрланған мүлік табылып, тәркіленді, ал фигуранттар заң алдында жауапқа тартылды, алайда олардың бірі жасырынып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған еді.

«Кейінгі жылдар бойы криминалдық полиция қызметкерлері оның орналасқан жерін анықтау жұмыстарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Іздеу салынған азаматтың болуы мүмкін орындары, байланыстары мен түскен жедел ақпараттар мұқият тексерілді. Он жыл өткен соң ер адам Алматы қаласынан табылды. Қазіргі уақытта 63 жастағы қаскүнем уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Әрі қарайғы процессуалдық шешімдер заңда белгіленген тәртіппен қабылданады», – делінген хабарламада.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті уақыт іздеуге кедергі бола алмайтынын атап өтеді. Тіпті жылдар өтсе де, полиция қызметкерлері тергеуден және соттан жасырынған тұлғаларды анықтауды жалғастыруда. Жауапкершіліктен қашуға тырысқан әрбір азамат ерте ме, кеш пе міндетті түрде саналады.