Олар партияның 3 жылдығын қорытындылады
«Стиль таза Қызылорда» – бүгінде аймақ жұртшылығына жақсы таныс әннің тіркесі. Respublica партиясының форумында бұл сөз жаңа мағынаға ие болды. Бұл жолы әңгіме әндегі стиль емес, уәдеден бұрын нақты іске сүйенетін саясаттың стилі туралы өрбіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылордада Respublica партиясы жақтастарының форумы өтті. Онда Құрылтай депутаттығына кандидаттар партияның жаңартылған сайлауалды бағдарламасын таныстырып, Парламенттегі фракцияның үш жылдағы жұмысының қорытындысын шығарды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұргүл Тау Respublica фракциясында небәрі алты депутат болғанымен, олардың жүздеген заңнамалық бастамаға мұрындық болғанын атап өтті.
Нұргүл Тау VIII шақырылым депутаты Олжас Құспековтің жұмысына да тоқталды. Ол мемлекеттік шекарада сарбаздармен бірге қызмет атқарып, олардың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көрді. Соның нәтижесінде заңнамаға өзгерістер енгізіліп, мерзімді әскери қызметін адал өтеген жастарға жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына жалпы конкурссыз түсу мүмкіндігі берілді.
Сондай-ақ ол жаңа Салық кодексін талқылау кезінде Айтуар Қошмамбетовтің шағын және орта бизнестің мүддесін табанды қорғағанын ерекше атап өтті.
Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Айтуар Қошмамбетов партияның жаңартылған сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Оның айтуынша, Respublica алдағы уақытта да отандық өндірісті дамытуға, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті қолдауға және өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейтуге басымдық береді.