Ішкі нарыққа басымдық: Қазақстан кейбір елдерден келетін құрылыс материалдарының импортын шектеді

Оның құрамына бірқатар материал енді

Ішкі нарыққа басымдық: Қазақстан кейбір елдерден келетін құрылыс материалдарының импортын шектеді
Фото: Үкімет

Қазақстанда үшінші елдерден келетін цемент, гипсокартон, табақ шыны, тастан жасалған бұйымдар мен құрғақ құрылыс қоспаларының импортына шектеулер енгізілді. Бұл шара ішкі нарықтағы бағаларға теріс әсерін тигізген жоқ әрі отандық өндірістің өсуін қамтамасыз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін минералды тыңайтқыштардың экспортына лицензиялау талабы енгізілді, бұл оны фермерлерге белгіленген бағамен жеткізуге кепілдік берді.

Металл сынықтарының айналымы саласында қара металлургияны дамыту, болаттың жаңа маркаларын игеру, сондай-ақ автомобиль, машина жасау және құрылыс салаларының өнімдері өндірісін кеңейту үшін реттеу тетіктерін жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр.

«Министрлік өндірісті толық жүктеу және отандық өнім үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылды. Ірі компаниялар отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді сатып алу тетіктерін кеңейтіп, ел ішінде өндірілетін өнім үлесін арттыру және шағын, орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда», - деді Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.