Астанада қаржы пирамидасын құрғандар 100-ден адамды несиеге 165 көлік алуға көндіріп, артынша сатып жіберген
Астанада қаржы пирамидасын ұйымдастырып, азаматтарды автокредит рәсімдеуге алдап көндірген қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адамның болғаны және олардың әрқайсысының өзара нақты бөлінген міндеттері болғаны анықталды. Топ мүшелері азаматтарды 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы төленетініне сендіріп, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сонымен қатар, несие бойынша міндеттемелерді өздері өтейтіндерін уәде еткен. Алынған автокөліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығарылған.
«Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 100-ден астам азамат жәбірленуші деп танылып, барлығы 165 автокөлік рәсімделген. Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.