Әлібек Қайырбек бұған дейін Еуропа, Африка, Гималай және Тянь-Шань аумағындағы биік шыңдарға көтеріліп, сол жерде домбырамен қазақ күйлерін орындаған
Қазақстандық альпинист, музыкант әрі Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының әртісі Әлібек Қайырбек Памир тау жүйесіндегі 6148 метр биіктіктегі Раздельная шыңына көтеріліп, өзімен бірге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қазақтың домбырасын алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл сапар «Әлем шыңдарындағы домбыра» халықаралық мәдени-патриоттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын әлемге таныту. Әлібек Қайырбек бұған дейін Еуропа, Африка, Гималай және Тянь-Шань аумағындағы биік шыңдарға көтеріліп, сол жерде домбырамен қазақ күйлерін орындаған. Бұл жолы да Раздельная шыңында күй шертіп, Қазақстанның Конституциясын көтерді.
Айта кетейік, 2025 жылы Конституцияның 30 жылдығына орай Әлібек Қайырбек Қазақстан тарихында алғаш рет Ата Заңды Гималайдағы Айленд-Пик шыңына алып шыққан еді. Биыл ол осы бастамасын жалғастырып, Конституцияны Памир шыңына көтерді.