Көктөбеде лаванда террасалары бар жаңа көрікті демалыс аймағы ашылды

Автор: Алмас Ерсін

Жаңа гүлді еңіс Алматының көрікті орындарының қатарына қосылды

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы «Көктөбе» саябағында ауданы 4 гектар болатын жаңа гүлді еңіс абаттандырылып, келушілерге ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласының Туризм басқармасының мәліметінше, ауқымды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде Көктөбеде серуендеуге арналған бағыттар, шолу алаңдары және Алматының көркем көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды.

Жобаның басты ерекшелігі – гүлдеу кезеңінде тау бөктерін қанық күлгін түске бояйтын лаванда террасалары.

Мұнда көпжылдық өсімдіктердің, бұталардың және сәндік астық тұқымдас өсімдіктердің 20-дан астам түрі отырғызылған. Олар аумақтың ерте көктемнен кеш күзге дейін сәнін жоғалтпайтындай етіп таңдалған.

Ландшафтық композицияны гортензия, спирея, шалфей, мысықжалбыз, эхинацея және сәндік астық тұқымдас өсімдіктер толықтырып тұр.

Жобаны жүзеге асыру кезінде табиғи жер бедерін сақтауға ерекше көңіл бөлінген. Еңістер эрозиядан қорғау үшін габион құрылымдарымен бекітілсе, келушілердің жайлы серуендеуі үшін табиғи ландшафтпен үйлесетін жаяу жүргіншілер жолдары, баспалдақтар мен шолу алаңдары салынған.

«Біз заманауи ландшафттық дизайн мен табиғат үйлесім тапқан жаңа кеңістік жасадық. Гүл композициялары саябақтың әртүрлі нүктесінен жақсы көрінеді, ал серуендеу бағыты арқылы Алматы қаласы мен Іле Алатауының тауларына керемет панорама ашылады», – деп хабарлады Алматы қаласының Туризм басқармасы.

Жаңа демалыс аймағы келушілер үшін ашық. Гүлді еңіс Алматыдағы көрікті орындардың қатарына қосылды.