«Байтақ» партиясы Жаңатұрмыс ауылында жастармен ашық кездесу өткізді

Автор: Аягөз Құрмаш

Басқосу еркін форматта өтті

Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат, партия хатшысы Владимир Мартель Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылына барып, халықпен жүздесті. Шараға елдімекеннің белсенді тұрғындарымен қатар жастар да жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқосу еркін форматта өтті. Оған 30-ға жуық адам қатысты. Жұрт ауылды көгалдандыру, қоғамдық орындарды абаттандыру, қоршаған ортаның тазалығын сақтау сынды түйткілді талқылады. Ал жастар жағы спортты дамыту мәселесін көтерді. Сонымен қатар бос уақытты тиімді ұйымдастыру және экологиялық ағартуды күшейту бағытында да пікір алмасты.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ауылдың өзекті мәселелеріне қатысты ұсыныстар мен өтініштерін жеткізді.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатып, өңірлердегі нақты мәселелерді анықтауға және тұрғындардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.