«Байтақ» партиясының өкілдері Іле өзені мен Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мәселесін талқылады

Байтақтықтар өзекті мәселені көтерді

«Байтақ» партиясының өкілдері Іле өзені мен Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мәселесін талқылады
Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы облыстық филиалының бастамасымен Іле өзенінің арнасын қалпына келтіру және Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, экологиялық қауымдастықтардың, су шаруашылығы саласының өкілдері мен сарапшылар қатысты. Кездесуде Аралтөбе ауылынан Балқаш көліне дейінгі аралықтағы Іле өзенінің қазіргі ахуалы, судың азаюы, өзен арнасының таяздауы, балық қорының кемуі және өңірдегі экологиялық ахуал талқыланды.

Шарада география және су қауіпсіздігі институтының мамандары жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесін таныстырды. Ал мемлекеттік орган өкілдері су ресурстарын пайдалану мен қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат берді.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар мәселені кешенді шешу үшін мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымның қатысуымен тағы бір кездесу өткізуді ұсынды. Тараптар Іле өзені арнасын қалпына келтіру, салаларын күл-қоқыстан аршу, биоалуандықты сақтау сынды түйткілді талқылады.