Respublica Сәтбаев кәсіпкерлерімен ашық диалог өткізді
Кәсіпкерлердің әрбір мәселесі қаралды
Respublica партиясынан Құрылтайға кандидаттардың Сәтбаев қаласының кәсіпкерлерімен кездесуі ашық диалог форматында өтті. Үш кандидат, үш кәсіпкер және бизнесті толғандырған өзекті мәселелер жөніндегі еркін әңгіме – кездесудің басты ерекшелігі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерлан Сүлейменов партияның ұстанымы туралы айтты.
«Respublica – сөзден бұрын іске мән беретін партия. Біз кәсіпкерлердің әрбір мәселесіне бейжай қарамаймыз, олардың мүддесін барлық деңгейде қорғап келеміз», – деді.
Екатерина Смолякова партия командасының тәжірибесіне тоқталды.
«Біз – бизнестен шыққан адамдармыз. Командамыздың орташа жасы – 37. Салықтың да, жалақы төлеудің де, есептіліктің де жауапкершілігін жақсы білеміз. Соңғы үш жарым жылда бірқатар өңірде бөлшек салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіздік. Біздің мақсатымыз – салықтың өңірдің дамуына қызмет етуі», – деді ол.