ЖСДП Павлодарда ерекше балалардың ата-аналарымен кездесті

Жиында ата-аналардың ұсыныстары мен мәселелері тыңдалды

ЖСДП Павлодарда ерекше балалардың ата-аналарымен кездесті
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП-ның сайлауалды науқаны аясында Павлодар қаласында Құрылтай депутаттығына үміткерлер Әжар Сағандықова мен Роза Жүсіпова ерекше балалардың ата-аналары одағының Павлодар облыстық филиалының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың күнделікті кездесетін мәселелері талқыланды. Сондай-ақ партияның «Өркендеуге бастар 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасындағы инклюзивті қоғамды дамыту, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және зейнетақы жүйесіне қатысты бастамалар таныстырылды.

Құрылтай депутаттығына үміткер Әжар Сағандықова ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру маңызды екенін айтты.

«Біз ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы бастаманы қолдаймыз. Сондай-ақ оларды тек жәрдемақы алушы емес, өз баласына күтім жасайтын әлеуметтік қызметкер ретінде қарастырып, еңбекақымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету қажет деп есептейміз. Денсаулық сақтау жүйесінде де қаржыландыру ең алдымен пациенттің мүддесіне бағытталуы керек», – деді Әжар Сағандықова.

Павлодар облыстық ЖСДП филиалының төрайымы, Құрылтай депутаттығына үміткер Роза Жүсіпованың айтуынша, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселесін жүйелі түрде шешу үшін олар көтерген ұсыныстар заңнамалық деңгейде қарастырылуы қажет.

Кездесу барысында ата-аналардың ұсыныстары мен бастамалары ЖСДП сайлауалды штабының арнайы тізіліміне енгізілді.