Қазақстан жолдарында әскери техникалар жүр: Қорғаныс министрлігі себебін түсіндірді

Автор: Асыл Арман

Оқу-жаттығу еліміздің бірнеше әскери полигонында өтеді

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан аумағында тамыз және қыркүйек айларында әскери техника мен жеке құрамның қозғалысы күшейеді. Бұл Қарулы күштердің «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындыққа байланысты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, әскерлер аралас тәсілмен тасымалданады. Атап айтқанда, теміржол эшелондары, жалпыға ортақ автомобиль жолдарымен жүретін әскери колонналар, сондай-ақ майдандық және армиялық авиация пайдаланылады.

Оқу-жаттығу еліміздің бірнеше әскери полигонында өтеді. Министрліктің хабарлауынша, кешенді іс-шара барысында Қарулы күштердің қазіргі заманғы жағдайларда жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығы тексеріліп, құрлықта, әуеде, теңізде және киберкеңістікте түрлі әскер түрлерінің өзара іс-қимылы пысықталады.

«Өткізілетін іс-шаралар жоспарлы сипатқа ие және әскерлердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге, әскери басқару органдарының, Қарулы күштердің түрлері мен тектерінің, арнайы әскерлердің өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, сондай-ақ Қарулы күштерді қолданудың заманауи тәсілдері мен нысандарын пысықтауға бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.

Қорғаныс министрлігі азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырды. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңмен жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.