Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Орал қаласында азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған ер адам көз ұзамай қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, 30 шілде күні сағат 15:40-та полицияның «102» арнасына Орал қаласындағы дүкендердің бірінде белгісіз ер адамның бетперде киіп, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы қолма-қол ақшаны алып кеткені туралы хабарлама түскен.
Ақпарат бойынша оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары дүкен мен оған іргелес аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын жедел зерделеп, күдіктінің фотокескінін әзірледі. Бірнеше минуттың ішінде барлық наряд пен қызметтерге бағдар беріліп, аумақ толық қоршауға алынды.
Тәртіп сақшылары күдіктінің уақыт жағынан алысқа ұзап үлгермегенін есептеп, іздеуді жақын маңнан бастады. Бұл болжам дәл шықты.
«Көп ұзамай тәртіп сақшылары күдіктінің қалың шөптің арасында жасырынып жатқанын байқап қалады. Алайда ол қолындағы пышақпен полиция қызметкерлеріне тап береді. Өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан Орал қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Еркебұлан Жұмақашев пен Берік Лукпанов жоғары жауынгерлік дайындық танытты. Арнайы әдістерді шебер қолданған олар қарулы шабуылдаушыны санаулы сәттер ішінде құрықтады. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ», – делінген ПД хабарламасында.