Нью-Йоркте жалаңаш ер адам Бруклин көпіріне Қазақстанның туын іліп, артынша суға секіріп кетті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

44 жастағы жалаңаш ер адам Бруклин көпірінің үстінен секіріп, аман қалды

Фото X/@m_alejandr07

Жексенбі күні түстен кейін Нью-Йорктегі Бруклин көпірінің ең биік тұсынан 44 жастағы жалаңаш ер адам секіріп, аман қалды. Оқиғаға куә болғандар оның әрекетін бейнежазбаға түсіріп алған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, ер адам шамамен сағат 14:30 шамасында Манхэттен жағындағы көпір мұнарасына көтеріліп, бірнеше тк іліп, кейін киімін шешкен.

Оқиға орнына Нью-Йорк полициясының Төтенше қызмет бөлімінің қызметкерлері келіп, оны төмен түсуге көндіруге тырысқан. Алайда ер адам суға секіріп кеткен.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жариялаған видеода ер адамның суға құлар сәтте киімге немесе сөмкеге ұқсас затты парашют сияқты ұстап тұрғаны көрінеді.

Нью-Йорк полициясының су патрулі қызметкерлері оны судан аман алып шықты.

Полиция дерегінше, көпірге ілінген тулардың бірі Қазақстанның мемлекеттік туы болған. Сондай-ақ белгісіз жазулары бар мата да ілінген. Оның нақты мазмұны әзірге анықталған жоқ.

Ер адам Нью-Йорктегі Bellevue ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Бруклин көпірінің екі аспалы мұнарасының биіктігі шамамен 278 футты (84,7 метр) құрайды.