Кездесу барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды
«Ақ жол» демократиялық партиясы Батыс Қазақстан облыстық штабының өкілдері және Құрылтай депутаттығына кандидат Ержан Хасанов Орал қаласындағы «Уральский молочный завод» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, азық-түлік өнеркәсібін дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуын күшейту және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар кеңінен түсіндірілді.
«Уральский молочный завод» ЖШС – ультрапастерленген сүт өнімдерін өндіретін өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын «Зорькин луг», «Молоково» және «Летний луг» брендтерімен танымал өнім шығарады. Бүгінде зауытта 60-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Іс-шара барысында зауыт қызметкерлеріне партияның сайлауалды бағдарламасы қамтылған үгіт-насихат материалдары таратылып, еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.