Ол жасанды интеллектінің маңызы жайлы атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиаданы (IOAI) ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл – ұшқыр ой, тапқырлық пен табандылық сынға түсетін сайыс. Алдағы бірнеше күнде бізді нағыз тартысты әрі қызықты бәсеке күтіп тұрғанына сенімдімін. Баршаңызға сәттілік пен зор табыс тілеймін!» – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект, машиналық оқыту, ауқымды деректер және басқа да озық технологиялар қазірдің өзінде экономиканы, білім беру ісін, ғылымды, мемлекеттік басқаруды және адамдардың күнделікті өмірін өзгертіп жатыр.
«Сондықтан Қазақстан цифрлық даму бағытын стратегиялық бағдар етіп таңдады. Әлемдегі жетекші цифрлық мемлекеттердің қатарына қосылу үшін елімізде барлық қажетті жағдай бар. Олимпиада жасанды интеллект пайдаланушыларының халықаралық қоғамдастығын дамыту, сонымен бірге танымдық әріптестік ойлауға және әртүрлі ақпаратпен жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Тоқаев.
Еске салсақ, IOAI жасанды интеллект, машиналық оқыту және заманауи цифрлық технологиялар саласындағы дарынды жастарды анықтауға және қолдауға бағытталған мектеп оқушыларына арналған халықаралық ғылыми олимпиада. Олимпиада ЮНЕСКО қамқорлығымен өткізіледі. IOAI-дың негізін қалаушы – Елена Маринова, IOAI Халықаралық кеңесінің төрағасы, Информатика бойынша Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасының (eJOI) тең құрылтайшысы, Болгарияның жаратылыстану ғылымдары бойынша олимпиадалық командалар қауымдастығы басқармасының мүшесі. IOAI – ең қарқынды дамып келе жатқан халықаралық ғылыми олимпиадалардың бірі.