Ата-анасы жалғыз ұлынан, бала-шағасы асыраушысынан айырылды: Жамбыл облысында ер адамды атып өлтіріп кетті

Автор: Асыл Арман

Марқұмның артында жұбайы, бір ұлы мен қыздары қалды. Ал егде жастағы ата-анасы жалғыз ұлынан айырылды

Фото: «Криминальный Казахстан»/Telegram

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговое ауылында 1 тамыз күні түнгі сағат үш шамасында ер адамды белгісіз біреулер атып, өлтіріп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Марқұмның туыстарының айтуынша, қылмысқа ауданда әрекет ететін қылмыстық топтың мүшелері болуы мүмкін деген күдік бар. Қаза тапқан азаматтың әпкесінің сөзінше, күдіктілердің жасы – 22-де.

Отбасы мүшелері қайғылы оқиғаға дейін марқұмға бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын да мәлімдеді. Олар істің жан-жақты әрі әділ тергелуін және кінәлілердің заң алдында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Сондай-ақ марқұмның жақындары президентке үндеу жасап, тергеу барысын жеке бақылауына алуды сұрады.

Марқұмның артында жұбайы, бір ұлы мен қыздары қалды. Ал егде жастағы ата-анасы жалғыз ұлынан айырылды.

Агенттік тілшісі Жамбыл облысының Полиция департаментіне сауал жолдап, жауап алды.

«Аталған іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Кісі өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмысты жан-жақты, толық тергеп-тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүдделеріне байланысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды», – делінген ПД хабарламасында.