БҚО-да прокурорлар шаруалар пайдаланбаған мыңдаған гектар жерді қайтарып алды

Бұл жерлердің кадастрлық құны – 75 млн теңгеден асады

БҚО-да прокурорлар шаруалар пайдаланбаған мыңдаған гектар жерді қайтарып алды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Батыс Қазақстан облысында прокурорлар шаруалар пайдаланбаған мыңдаған гектар жерлерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сырым ауданының прокуратурасы жалпы ауданы 6 200 гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдалану фактілерін анықтады.

Анықталғандай, ауданның жер пайдаланушылары жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, ұзақ уақыт бойы жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған.

«Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы ауданы 6 200 гектардан астам, кадастрлық құны 75 млн теңгеден асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған жер учаскелері заңды экономикалық айналымға енгізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қайтарылған жерлерді ауылдық жерлерде тұратын адал ниетті субъектілерге пайдалануға беруге бағдарланған.