Шешім әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды ескере отырып қабылданды
Қазақстан мен OPEC+ құрамындағы тағы алты ел қыркүйек айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұйымның сайтына сілтеме жасап.
Тиісті шешімді Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман қабылдады. Бұл елдер 2023 жылдың сәуірі мен қарашасында мұнай өндіруді ерікті түрде қосымша қысқартатынын мәлімдеген болатын. 2 тамызда өткен онлайн кездесуде қатысушылар әлемдік мұнай нарығындағы ахуал мен оның алдағы даму перспективаларын талқылады.
«Мұнай нарығының тұрақтылығын қолдау мақсатында жеті қатысушы ел 2023 жылдың сәуірінде жарияланған ерікті қосымша қысқартуларға қатысты өндіріс көлемін тәулігіне 188 мың баррельге түзету туралы шешім қабылдады. Бұл өзгеріс 2026 жылдың қыркүйегінде жүзеге асырылады», – делінген ұйымның хабарламасында.
Ұйымның мәліметінше, бұл қадам елдерге мұнайды артық өндіргені үшін өтемақы төлеу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Қатысушы мемлекеттер сондай-ақ Ынтымақтастық декларациясы аясындағы барлық міндеттемелерді, оның ішінде өндірісті ерікті түрде қосымша реттеу жөніндегі келісімдерді толық орындауға ниетті екенін растады. Бұл міндеттемелердің орындалуын Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) қадағалайды.
Сонымен қатар олар 2024 жылдың қаңтарынан бері өндірілген артық мұнай көлемінің барлығын толық өтейтінін мәлімдеді.
Нарықтағы жағдайды бағалауға арналған мұндай кездесулер ай сайын өткізіледі. Келесі жиын 2026 жылғы 6 қыркүйекке жоспарланған.