«Әділет» партиясы СҚО тұрғындарының ауылды дамытуға қатысты ұсыныстарын жинады

Автор: Дәулет Ботагөз

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты 100-ге жуық бастама ұсынды

Фото: «Әділет» партиясы

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары «Әділет» партиясына ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты 100-ге жуық бастама ұсынды. Медициналық көмектің қолжетімділігі, жолдардың жай-күйі, инженерлік инфрақұрылым, ауыл шаруашылығын қолдау және жастарға жағдай жасау мәселелері «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясындағы кездесулердің негізгі тақырыбына айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бар болғаны екі күн ішінде партия өкілдері Тайынша, Аққайың, Қызылжар және Мамлют аудандарында болып, тұрғындармен ашық кездесу өткізді. Талқылауға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Айзада Рахметова, Елена Семидоцких, Ульяна Әшімова, Армангүл Тоқтамұрат, Еділ Хамза, Қалия Төленова, Ольга Перепечина және Ерлан Тоқшылық қатысты.

Құрылтай депутаттығына кандидат Еділ Хамзаның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары – партияның сайлауалды бағдарламасымен алдын ала жан-жақты танысып келген алғашқы өңір.

«Кездесулерге 500-ден астам адам қатысты. Бізді қуантқаны – тұрғындардың көбі партия бағдарламасын алдын ала оқып шығып, ондағы әрбір бағыт бойынша нақты сұрақтар қойды. Біз 100-ге жуық ұсынысты тіркедік. Енді олардың барлығы шешім қабылдау деңгейіне қарай аудандық, өңірлік және республикалық санаттарға жүйеленеді», - деді Еділ Хамза.

Көптеген елді мекенде кездесу жоспарланған уақыттан ұзаққа созылды. Жалпы талқылаудан кейін тұрғындар жеке сұрақтарын қою, өз ауылдарының мәселелерін талқылау және кандидаттарға ұсыныстарын жеткізу үшін қалып отырды.

Әр кездесуде тұрғындар медициналық көмектің қолжетімділігі, білім сапасы, жолдардың жағдайы, ауыз сумен қамту, газдандыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, жайылымдардың қолжетімділігі және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау мәселелерін көтерді.

Құрылтай депутаттығына кандидат Қалия Төленова ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты ұсыныстар партияның сайлауалды бағдарламасында жеке бөлім ретінде қамтылғанын атап өтті.

«Әділетті болашақ үшін» бағдарламасында ауылды дамытуға арналған жеке бөлім бар. Онда 3 500 тірек және серіктес ауылды дамыту, кемінде бір миллион ауыл тұрғынының табысын арттыру, сондай-ақ жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген микронесиелеуді кеңейту көзделген. Көптеген тұрғын дәл осы бастамалар туралы кеңірек айтып беруді сұрады, өйткені олар ауылдағы өмір сапасына тікелей әсер етеді», - деді Қалия Төленова.

Басқосулар барысында түскен барлық ұсыныс партиядағы өтініштердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Жоба ұйымдастырушыларының мәліметінше, олар алдағы уақытта заңнамалық бастамаларды әзірлеу және сайлауалды бағдарламаны іске асыру барысында пайдаланылады.

Солтүстік Қазақстан облысы – «Әділетті Қазақстан үшін» жобасы қамтыған екінші өңір. 19 тамызға дейін партияның мобильді керуендері Қазақстанның барлық 17 өңіріндегі 100 ауылдық елді мекенге барып, 10 мыңнан астам тұрғынмен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.