КҚК толық тоқтамайды: Энергетика министрлігі қазіргі жағдайды түсіндірді

Автор: Алмас Ерсін

КҚК мұнай құбыры уақытша тоқтағанымен, мұнай қабылдау тәулігіне 100 мың тонна көлемінде жалғасуда

Фото: Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметі

Каспий құбыр консорциумының жұмысын толық тоқтату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша министрлік кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында КҚК жұмысы толық тоқтауы мүмкін деген ақпаратқа пікір білдірді.

Сонымен қатар 31 шілдеде консорциум мұнай құбырының жұмысын уақытша тоқтатқаны рас. Алайда жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау және резервуарлар паркін толтыру жалғасып жатыр.

«1 тамыздан бастап мұнай қабылдау көлемі тәулігіне 100 мың тоннаны құрайды. Тасымал көлемін одан әрі арттыру теңіз терминалында танкерлердің тиеуге дер кезінде қойылуына байланысты болады», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Ведомство КҚК және жүк жөнелтушілермен тұрақты байланыста екенін атап өтті. Қазіргі жағдай бақылауда.