Алматы облысының тауларында екі жасөспірім құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

 «Молодая Гвардия» шыңының маңында екі жасөспірім тауға серуендеу кезінде адасып, кері қайтар жолды өздігінен таба алмаған

Фото: ТЖМ

Алматы облысы Қарасай ауданында, «Молодая Гвардия» шыңының маңында екі жасөспірім тауға серуендеу кезінде адасып, кері қайтар жолды өздігінен таба алмаған. Олармен байланыс болмаған, сондай-ақ геолокация арқылы орналасқан жерін анықтау мүмкін болмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Іздеу жұмыстарына ҚР ТЖМ «Барыс» РҚҚ құтқарушылары дереу аттанды. Іздеу-құтқару операциясы түнгі уақытта биік таулы аймақта жүргізілді. Құтқарушылар жасөспірімдердің болуы мүмкін жерлерін тексеріп, күрделі таулы бағытты еңсеруге тиіс болды.

Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жасөспірімдер биік таулы көлдердің бірінің маңындағы үйшіктен табылды. Олардың жағдайы бағаланғаннан кейін құтқарушылар эвакуациялау жұмыстарын бастады. Түсіру кезінде жасөспірімдердің бірі өкпе тұсының ауырғанын айтып шағымданды, осыған байланысты кездесу орнына Апаттар медицинасы орталығының бригадасы шақырылды.

Құтқарушылар жасөспірімдерді аман-есен алып жүріп, әрі қарай тексеру үшін медицина қызметкерлеріне тапсырды.