Міндетті медициналық тексеріс талабы 2014 жылдан бері қолданыста
Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілерге арналған міндетті медициналық тексеріс талабы 2014 жылдан бері қолданыста. ІІМ дүрлігуге ешқандай негіз жоқ екенін хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, 25 тамыздан бастап тек бір ғана өзгеріс күшіне енеді. Яғни, техникалық байқаудан уақытылы өтпеген көлік құралдарының иелеріне жүргізуші куәлігінің қолданысы автоматты түрде уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Егер жүргізуші биыл 65 жасқа толса, медициналық ұйымдарға асығудың қажеті жоқ. Алғашқы міндетті медициналық тексерістен 67 жасқа толғанда өту жеткілікті. Берілген медициналық анықтама екі жыл бойы жарамды болады, сондықтан келесі тексерулер 69 және 71 жаста жүргізіледі. Медициналық тексерістен өзіңізге ыңғайлы кез келген мемлекеттік немесе жекеменшік клиникада өтуге болады.
ІІМ өкілі медициналық тексерістен өтпегені үшін ешқандай жеке айыппұл қарастырылмағанын атап өтті.
Куәлік уақытша тоқтатылған жағдайда да, тексерістен өткен соң оның күші автоматты түрде қайта қалпына келеді. Ал базада ақпарат жаңармай қалса, патрульдік полицияға қағаз түріндегі анықтаманы көрсету жеткілікті. Бастапқы уақытта полиция қызметкерлері тек түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.