Ақмола облысында 69 гектардан астам алқапта құрғақ шөп өртенді

Автор: Дәулет Ботагөз

Өрт облыстың алты ауданы мен Степногорск қаласында тіркелді

Фото: ТЖД

Ақмола облысының алты ауданы мен Степногорск қаласында құрғақ шөп өртеніп, жалын 69 гектардан астам аумақты шарпыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, жергілікті әкімдіктер, «Ауыл құтқарушылары» және шаруа қожалықтарының ерікті өрт сөндіру құрылымдары жедел іске кірісіп, барлық өрт ошағы толық жойды. Ресми мәліметке сәйкес, елді мекендерге ешқандай қауіп төнген жоқ.

Өрттің шығуына тұрғындардың отты абайсыз пайдалануы алдын ала себеп болған. Өрт Жақсы, Ерейментау, Целиноград, Шортанды, Атбасар және Ақкөл аудандарында тіркелді.

Өңірлік ТЖД облыс тұрғындары мен қонақтарына табиғатта және күнделікті тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.