Осы уақытқа дейін жолаушылар 1952-1960 жылдары салынған ғимараттарды пайдаланып келген
Ақмола облысында бірден бес жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Заманауи нысандар Ерейментау мен Державинск қалаларында, сондай-ақ Еркіншілік, Өлеңті және Жалтыр елді мекендерінде жолаушыларға қызмет көрсете бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы уақытқа дейін жолаушылар 1952-1960 жылдары салынған ғимараттарды пайдаланып келген. Қайта жаңғырту барысында вокзалдардың ішкі бөлмелері толық жаңартылып, тозған инженерлік желілер ауыстырылды және заманауи жылыту жүйелері орнатылды. Станцияларда жайлы күту орындары жасалып, перрондар жөнделді және навигация жүйесі жетілдірілді. Бұл жолаушылар үшін сапарларды қауіпсіз әрі қолайлы етуге мүмкіндік берді.
«Ерейментау станциясы – маңызды көлік торабы. Ол жолаушылар мен жүк тасымалдауды қамтамасыз етіп, аймақ экономикасының дамуына, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін тасымалдауға ықпал етеді. Станцияның маңызы әсіресе қыс мезгіліндегі қолайсыз ауа райы жағдайларында айқын көрінеді. Автомобиль жолдары жабылған кезде теміржол вокзалы жолаушыларды жөнелту бойынша негізгі жүктемені өзіне алып, басқа өңірлермен үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Жүргізілген реконструкция жолаушыларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және қызметкерлерге заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалды», – деді Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов Ерейментау вокзалының салтанатты ашылуында.
Бес станцияның бүгінгі ашылуы өңірдегі 16 теміржол вокзалын жаңғыртуды көздейтін ауқымды бағдарламаның жалғасы. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда облыста орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 94 пайызға жетті.
Бүгінгі іске қосылған нысандарды қоса алғанда, өңірде қазірдің өзінде 12 жаңартылған вокзал жұмыс істеп тұр. Бұған дейін Курорт-Бурабай, Макинск, Ақкөл, Шортанды, Жақсы, Сарыөбе және Аршалы елді мекендеріндегі вокзалдар пайдалануға берілген болатын.
Қалған төрт станцияны ағымдағы жылдың тамыз және қазан айларында ашу жоспарланып отыр.