Алматыда ішіп алған ер адам қолына пышақ ұстап, көшеде жүргендерді шошытты (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол үйінде жанжалдасып, далаға пышақпен шыққан

Фото: видеодан скриншот

Алматыда белсенді азаматтар Райымбек пен Сүйінбай даңғылдарының қиылысында қолында пышағы бар ер адам жүргені туралы полицияға хабарлаған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жетісу ауданының патрульдік экипажы оқиға орнына жедел жетті. Күдікті дереу анықталып, ұсталды. Полицейлердің дер кезінде жасаған әрекеттерінің арқасында өтіп бара жатқан тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

Анықталғандай, ер адам мас күйде болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, отбасында жанжал туындаған. Сөзге келіп қалғаннан кейін ол асүй пышағын ұстап, көшеге шығып кеткен.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Жетісу аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Ұсталған азаматтың әрекетіне құқықтық баға беріледі.