Тікелей эфирде былапыт сөз айтып, белдіксіз көлік жүргізген: Павлодар тұрғыны 20 күнін қамауда өткізетін болды

Автор: Асыл Арман

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы видео анықталды

Фото: Polisia.kz/Видеодан скрин

Павлодарда әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында жол ережесін бұзып, қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасаған 26 жастағы ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы видео анықталды.

Тікелей эфир кезінде ер адам көлікті жүргізіп келе жатып, көпшілік алдында былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сонымен қатар жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған.

Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушы Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев болып шықты.

«Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Полиция ескертеді: әлеуметтік желілерде, оның ішінде тікелей эфир кезінде жарияланған құқыққа қайшы контент құқықтық бағалаусыз қалмайды», – делінген хабарламада.