ЖСДП өкілдері Абай облысы Бесқарағай ауданының жастарымен кезедсті

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жастарды жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Фото: скриншот

Абай облыстық ЖСДП филиалының өкілдері Бесқарағай ауданында жастармен ашық форматтағы кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жиында жастар саясатының өзекті бағыттары, білім беру, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кеңінен сөз болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында қатысушылар жастардың сапалы білім алуы, тұрақты жұмысқа орналасуы, ауылдық жерлерде кәсіп бастауға жасалатын мүмкіндіктер және мемлекеттік қолдау тетіктері төңірегінде пікір алмасты. Сонымен қатар бос уақытты тиімді ұйымдастыру, еріктілер қозғалысын дамыту, жастардың қоғамдық бастамаларын қолдау және олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуы мәселелері де назардан тыс қалмады.

Жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өңірдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Олар жастарға арналған бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын көбейту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі пікірлерімен бөлісті.

Партия өкілдері көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын айтып, жастардың пікірін ескеру ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, жастардың қоғамдағы рөлін күшейту мен олардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды.