ЖСДП медицина қызметкерлеріне сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Кездесу барысында емхана ұжымы медицина саласының бүгінгі ахуалына қатысты өзекті мәселелерді көтерді

ЖСДП медицина қызметкерлеріне сайлауалды бағдарламасын таныстырды
Фото: скриншот

Астанадағы №4 қалалық емханада ЖСДП-дан Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың қатысуымен кездесу өтіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиын барысында кандидаттар денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты ұстанымдарына тоқталып, медициналық көмектің сапасын арттыру, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге бағытталған бастамаларды ортаға салды.

Емхана ұжымы медицина саласының бүгінгі ахуалына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, күнделікті қызмет барысында кездесетін түйткілдер жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Кандидаттар қойылған сауалдарға жауап беріп, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстардың партия бағдарламасын іске асыру барысында ескерілетінін айтты. Олар медицина саласының тұрақты дамуы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырудың маңызды алғышарты екенін атап өтті.

Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ой бөлісті.