«Байтақ» кандидаты Өскемендегі теміржол ауруханасы ұжымымен кездесті

Автор: Аягөз Құрмаш

Ашық диалогқа 30-ға жуық адам қатысты

Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына кандидат Алмаз Джакишевтің Шығыс Қазақстан облысындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмысы жалғасын тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жолы ол Өскемен қаласындағы теміржол ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, экологиялық қауіпсіздік, халық денсаулығын қорғау және тұрақты даму мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ медицина қызметкерлерін қолдау, олардың еңбек жағдайын жақсарту және дәрігер мамандығының беделін арттыру бағытындағы бастамалар сөз болды.

«Таза экология – халық денсаулығының негізі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен денсаулық сақтау саласын дамыту қатар жүруге тиіс. Бұл – қоғамның әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты», - деді Алмаз Джакишев кездесуде.

Медицина қызметкерлері де үнсіз қалмады. Олар өңірдің әлеуметтік саласы, денсаулық сақтау жүйесі және экологиялық ахуалға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өздерін толғандырған сауалын қойды. Партия өкілдері көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын жеткізді.