Respublica Астананы ашық диалог алаңына айналдырды
ReBus бүгінгі саяси науқанның да жаңа тынысы бола алатынын көрсетті
Respublica партиясының ReBus ақпараттық-ойын-сауық жобасы дәл осындай ерекше форматта өтті. Екі қабатты автобус бірнеше сағат бойы Астананың басты көшелері мен көрікті орындарын аралап, әуен мен еркін әңгімені, көтеріңкі көңіл күй мен ашық диалогты тоғыстырған өзгеше қалалық атмосфера сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
DJ әуен қойып тұрды, жүргізуші микрофоннан қала тұрғындарымен тілдесті, ал Respublica-ның белсенді жастары жобаның шырайын кіргізді. Бірақ бұл шараның басты ерекшелігі сахнада да, форматта да емес еді. Ең бастысы – жол бойында автобусқа қол бұлғап, суретке түсіп, видеоға жазып, пікір білдіріп, еркін әңгімеге араласқан адамдар болды.
«Саясат міндетті түрде жалықтыратын дүние болмауы керек. Егер жастармен тіл табысқымыз келсе, олардың тілімен сөйлеп, өздері жүрген ортаға баруымыз қажет. ReBus – қозғалыстың, жаңа энергияның және ешқандай кедергісіз өтетін ашық әңгіменің символы. Біз елдің ертеңін сырттан бақылап қана жүретіндер емес, бүгіннен бастап жауапкершілік алып, іске кірісетін жастар қалыптастырады деп сенеміз», – деді Respublica партиясынан кандидат Тоқтар Болысов.
ReBus бағыты «Бәйтерек», EXPO, «Хан Шатыр», Есіл жағалауы, Президент саябағы және елорданың өзге де көрнекті орындарын қамтыды. Жол бойы музыка тоқтаған жоқ, жүргізуші партияның сайлауалды бағдарламасы туралы айтып отырды, ал Respublica командасы кәдімгі үгіт-насихаттан әлдеқайда өзгеше көңіл күй сыйлады.
ReBus бүгінгі саяси науқанның да жаңа тынысы бола алатынын көрсетті. Үйреншікті форматтың орнына – қала көшелеріндегі қозғалыс, ұзақ мінбер сөзінің орнына – еркін әңгіме, ал арақашықтықтың орнына – адамдардың пікіріне деген шынайы қызығушылық.