Екі оқиға бойынша да тексеру жүріп жатыр
Петропавлда бірнеше күннің ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен екі кішкентай бала – ұл мен қыз құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Алғашқы оқиға 23 шілде күні Горький көшесіндегі үйде болған. Үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен төрт жасар ұл бала құлап кеткен. Бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оған күрделі ота жасалды. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.
Екінші оқиға Назарбаев көшесінде тіркелді. Бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен қыз бала құлаған. Ол да облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, түрлі сынықтар анықталған. Қазір қыз травматология және ортопедия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа ауырлықта.
Екі оқиға бойынша да тексеру басталды.
«Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап, себептерін тексеріп, куәгерлерден жауап алып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Кәмелетке толмаған баланың мүддесін қорғау мақсатында және тексеру аяқталғанға дейін қосымша ақпарат жарияланбайды», – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мұндай жағдайлар Петропавлда алғаш рет болып отырған жоқ. Биыл 16 мамырда екінші қабаттың терезесінен тоғыз жасар қыз құласа, сәуір айында биіктен құлау салдарынан тағы екі бала зардап шеккен.