Халықаралық байқауларда топ жарған жас өнерпаздарды Аида Балаева арнайы қабылдады
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық музыкалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған қазақстандық жас өнерпаздармен кездесті. Кездесуге Ақерке Амалят, Жасмина Түзелова, Ален Бәсен, сондай-ақ олардың ұстаздары мен ата-аналары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысы елдің орнықты дамуының басты алғышарты саналатын адами капиталды дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті. Президент өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, ұлттық бірегейлікті нығайтуда мәдениет пен өнердің орны ерекше екенін үнемі айтып келеді. Жаңа Конституцияда мәдениет пен ұлттық құндылықтар мемлекетті дамытудың маңызды негіздерінің бірі ретінде бекітілген. Сондықтан дарынды балалар мен жастарды қолдау – ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция.
«Бүгін сіздермен бірге бүкіл Қазақстан қуанып отыр. Осындай әрбір жеңіс – еліміздің ортақ жетістігі. Бұл биік нәтижелердің артында жас өнерпаздардың таланты мен табандылығы, ұстаздардың кәсіби шеберлігі және ата-аналардың қолдауы тұр. Қазақстандық балалардың халықаралық сахнада өз өнерін сенімді танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуі отандық өнер мектебінің деңгейі биік екенін көрсетеді. Сіздерге жаңа жеңістер мен шығармашылық табыс тілеймін», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Кездесу барысында жас орындаушылардың кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен ата-аналардың еңбегі де ерекше аталып өтті.
Байқау жеңімпаздары, олардың ата-аналары мен ұстаздары халықаралық өнер додаларынан алған әсерлерін жеткізді. Сондай-ақ дарынды балаларға көрсетіліп жатқан қолдау үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Қатысушылар мәдениет пен өнерді дамытуға көрсетілетін қолдау және жаңа мүмкіндіктер жетістіктерге жетелейтінін айтты.