Партия мүшелері бизнес мәселесін талқылады
Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева «Halyk Bank» АҚ-ның Ақтөбедегі филиалында болып, жергілікті кәсіпкерлермен және банк ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Партия төрағасы «Ақ жол» демократиялық партиясының қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және нарықтық экономиканы нығайтуға бағытталған бастамаларын таныстырды. Әсіресе, бизнеске арналған жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін кеңейту, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуды ынталандыру, квазимемлекеттік секторды қысқарту және салық саясатын отандық өндіріс мүддесі үшін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушылар бизнес үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігі, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттары және өңірлер экономикасын дамытудағы банк секторының рөлі жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Дания Еспаева қуатты кәсіпкерлік, тиімді қаржы құралдары мен отандық бизнесті қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат болмаса, тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіпкерлік ортаны одан әрі дамыту, инвестиция үшін мүмкіндіктерді кеңейту, сондай-ақ бизнес, қаржы секторы мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.