«Ауыл» партиясының кандидаттары «Қазпошта» ұжымына сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жиында сөз сөйлеген партия төрағасы Қайрат Айтуғанов еңбек жолын дәл осы пошта саласында оператор болып бастағанын айтты

Фото: «Ауыл» партиясының әлеуметтік желісінен

ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановтың бастауымен Қостанай қаласындағы «Қазпошта» АҚ филиалының еңбек ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуге партия кандидаты Владимир Киян, Александр Разинков, София Абдуразақова, Айдар Байкин, Андрей Двуреченский, Арман Исмаилов және өңірлік сайлауалды штаб өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген партия төрағасы Қайрат Айтуғанов еңбек жолын дәл осы пошта саласында оператор болып бастағанын айтып, бұл кездесудің өзі үшін ерекше екенін жеткізді. Ол пошта қызметкерлерінің, әсіресе шалғай ауылдарда мемлекет пен халық арасындағы маңызды байланысты қамтамасыз етіп отырғанын атап өтіп, ұжымның еңбегіне ризашылығын білдірді.

Кездесу барысында кандидат Айдар Байкин партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарды таныстырды. Оның айтуынша, құжатта өңірлерді дамыту, еңбек адамын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік төлемдерді инфляцияға сай индекстеу және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне басымдық берілген.

Сондай-ақ бағдарламада жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, бюджеттің ашықтығын цифрландыру, телемедицинаны қолдау және «Ауыл көмегі» консультациялық орталықтарын құру көзделген.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. «Қазпошта» қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ал партия өкілдері Құрылтайға ел мүддесіне қызмет етуге дайын, тәжірибелі мамандардан құралған команда бара жатқанын айтты.