Ақтауда кішкентай бала 10-қабатта терезенің сыртқы жақтауына шығып кетіп, құлап кете жаздады (ВИДЕО)
Оған полиция қызметкерлері дер кезінде жетіп, құтқарып қалды
Ақтау қаласында кішкентай бала 10-қабаттың сыртқы терезе жақтауына шығып кетіп, құлап кете жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 10-қабаттағы ашық терезенің сыртқы жақтауына шығып кеткен баланың өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы полицияға хабарлама түскен. Ақпарат түскен бойда патрульдік полиция экипажы оқиға орнына жедел жетті.
Полицейлер келген сәтте жағдай аса қауіпті болды — кәмелетке толмаған бала терезеге шығып алып, ғимараттың сыртқы жақтауында тұрған.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел, батыл әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында ықтимал қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болды. Бүлдіршін аман-есен құтқарылды.
«Баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға Ақтау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – Ержан Көкенов пен Данияр Татиев кәсіби шеберлігі мен батыл әрекеті ықпал етті. Полиция ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Әсіресе терезелері ашық бөлмелерде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет. Терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатып, олардың маңына баланың көтерілуіне мүмкіндік беретін жиһаздарды қоймаған абзал», – делінген ПД хабарламасында.