Павлодарда үш ай бұрын жоғалып кеткен ер адам басқа облыстан далалы жерден табылды

Автор: Асыл Арман

Ол сәуір айында үйінен шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Сәуір айынан бері із-түзсіз жоғалған 30 жастағы Павлодар тұрғыны табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі irbistv.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адамның жоғалғаны туралы полицияға анасы хабарлаған. Оның айтуынша, ұлы сәуір айында үйінен шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған. Содан бері отбасы оның қайда екенін білмеген.

Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары ер адамның жүрген жерін анықтады.

«Анықталғандай, ол жұмыс істеу үшін басқа өңірге кеткен. Жолда ұялы телефонын жоғалтып алған, ал жаңасын сатып алуға қаражаты болмаған. Ер адамға қатысты қандай да бір қылмыс немесе құқық бұзушылық жасалмаған», – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті.

Ол Қарағанды облысындағы Саран қаласы маңындағы далалы жерден табылған.