Павлодарда саябақтағы гүлді жұлған ер адамның басы дауға қалды: ол соттан бір-ақ шықты
Ол ескерту жасаған жауапты қызметкерді боқтап жіберген
Павлодар қаласында ер адам саябақ аумағындағы гүлзарда өсіп тұрған гүлді жұлып алған. Аумақты күтіп-ұстауға жауапты қызметкердің ескертуіне ол дөрекі жауап беріп, былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Осы әрекеті үшін басы дауға қалып, соттан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша тәртіп сақшылары тексеру жүргізді. Құқық бұзушыға бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, сондай-ақ ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды.
«Қаланы абаттандыру – көптеген адамның күнделікті еңбегі мен қомақты материалдық шығынның нәтижесі. Гүлзарларды, ағаштарды, орындықтарды және қоғамдық мүліктің өзге де нысандарын бүлдіруге жол берілмейді. Осындай әрбір құқық бұзушылыққа қағидатты құқықтық баға беріледі. Қоғамдық орындарға деген құрмет заң талаптарын және қарапайым әдеп нормаларын сақтаудан басталады», – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.
Полиция қоғамдық саябақтар, гүлзарлар мен басқа да демалыс орындары тұрғындардың жайлы демалуы үшін құрылғанын еске салады. Қоғамдық мүлікті бүлдіру, вандализм, агрессивті мінез-құлық және қоғамдық тәртіпті бұзу деректерінің барлығының жолы кесіліп, кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.